Алматы әуежайының екінші қабатына көлік кіруіне уақытша тыйым салынды

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әуежайының екінші қабатындағы көлік қозғалысы бірнеше күнге шектеледі. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Алматы әуежайы

Алматы халықаралық әуежайы мәліметінше, 16-21 қыркүйек аралығында екінші қабатқа көтерілуге мүмкіндік беретін көліктерге арналған пандустың кеңеюіне байланысты екінші қабатқа шығу уақытша жабылады.

Ішкі және халықаралық терминалдарға жолаушыларды түсіру бірінші қабаттың ұшып келу аймағында орындалады.

— Жолаушылардың әуежайға алдын ала келуін сұраймыз. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз, — деп хабарлады әуежайдан.

Фото: Алматы әкімдігі

Айта кеткен жөн, Алматы қаласының туризм басқармасы, Алматы халықаралық әуежайы және ҰҚК Алматы шекаралық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен халықаралық әуежай аумағында қала күніне орай «Алматының символы — сыйлыққа» атты акция өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

Паспорттық бақылау аймағында халықаралық рейстердің жолаушыларына Алматының жылуы мен қонақжайлылығын білдіретін «апорт» сұрыпты алмалар ұсынылды.

Акция шамамен 10 мың жолаушыны және 50-ден астам рейсті қамтыды.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, биыл 1 маусым күні Алматы әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады.

Сондай-ақ Алматы әуежайына жаңа басшы тағайындалды.