Алматы азаматтарды тіркеу үшін тұрғын үй көлемі стандартын белгіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда мәслихат сессиясында тұрғылықты жері және уақытша болатын жері бойынша тіркеудің жаңа нормативі бекітілді.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Алматы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, бір адамды тіркеу үшін тұрғын үйдің жалпы алаңы кемінде 15 шаршы метр болуы қажет.

Тиісті жобаны депутаттар қолдады.

Алайда бұл әр адамға жеке-жеке 15 шаршы метр тұрғын үй берілуге тиіс дегенді білдірмейді. Бұл тек тіркеу кезінде қолданылатын есептік норматив.

Сондай-ақ үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысты шектеу жоқ. Яғни, жұбайын, балаларын және олардың отбасы мүшелерін, жақын туыстарын, сондай-ақ асырауындағы, қамқоршылықтағы немесе қорғаншылықтағы адамдарды белгіленген шектен асса да, тіркеуге болады.

- Жаңа норматив тіркеу есебін ретке келтіріп, әр ауданда нақты қанша адамның тұратынын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мектептер, емханалар, коммуналдық қызметтер және басқа да қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені жоспарлау үшін маңызды, – деді Бауыржан Жаубасов.

«Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістер 2026 жылы 14 қыркүйекте күшіне енді. Содан соң Алматы мәслихаты мұндай нормативті белгілеу құқығына ие болды.

Еске салсақ, жер сілкінісінен, су тасқынынан және өрттен тұрғын үйді міндетті сақтандыру енгізілетінін жазғанбыз.