Алматы ботаникалық бағындағы оранжерея мәселесі әлі шешілмеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ботаникалық бақ қызметкерлері екі қыс қатарынан жылыжайдағы сирек кездесетін көпжылдық өсімдікті сақтап қалу үшін өз қаражатарын жұмсауға мәжбүр болды. Алайда,тропикалық өсімдіктерді үшінші қыстан аман қалуы екі талай. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын экспозициялық жылыжайды қайта құрылымдау жұмыстарын мойнына алған мердігер компания жүктелген міндетті орындамай орта жолда тастап кетті.Осыған орай, көктемде ботаникалық бақ қазақстандық кәсіпкерлердің көмегіне жүгінген еді. Kazinform агенттігінің тілшілері нысанның қазіргі жағдайын анықтап көрді.
Ботаникалық бақ аумағындағы экспозициялық жылыжай 1969 жылы салынған. 55 жыл бұрын пайдалануға берілген нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2022 жылдың көктемінде басталды, бірақ сол жылдың соңында жауапсыз мердігер жұмысты аяқтамай тастап кетті. Оның ауданы — 1 025 шаршы метр. Мұнда сирек кездесетін тропикалық өсімдіктер өсіріледі. Оранжереяда құрылыс басталған кезде коллекцияда 500-ден астам өсімдік түрі болған. Қайта құрылымдау жұмыстарының созылып кетуіне байланысты жүзден астам тропикалық өсімдік қыста үсіп қалды.
«Қазір Оранжереяны қайта жаңғырту мәселесі қаржы тапшылығына байланысты шешімін таппай отыр. Ботаника және фитоинтродукция институты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп жұмысты аяқтау үшін қаражат іздестіріп жатыр. Институт әкімшілігі түрлі мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялардан көмек сұрағанымен, биыл олардың қаржысы су тасыған аймақтарға жұмсалды», — деп хабарлады Ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.
Ботаникалық бақтан атап өткендей, институт әлеуетті демеушілерден бас тарту туралы бір ғана ресми жауап алса, тағы екі хатқа 100 миллион теңгеге жуық қаражат бөлу туралы ұсыныспен ауызша жауап келген. Алайда, жылыжайдың қайта жаңғырту жұмысын жандандыру үшін айтарлықтай үлкен сома қажет — шамамен 1,5-1,8 миллиард теңге. Нақты сома сараптамадан кейін анықталады.
«Мұндай қомақты қаржыны бір көзден табу қиын, сондықтан бірнеше демеушінің көмегі қажет. Сондай- ақ қоғамдық қор арқылы краудфандинг ашу туралы шешім қабылданды. Қазір еріктілер жылыжайға көмектесетін қоғамдық қор ұйымдастырып жатыр. Құжаттар ҚР Әділет министрлігіне тіркеу үшін жолданды», — деп атап өтті Ботаникалық бақ.
Ботаникалық бақ жылыжайды қалпына келтіруді аяқтау үшін 1,8 миллиард теңгені толық жинау әлі мүмкін болмағанын атап өтті. Жаңа мердігерді табу үшін барлық процедуралардан өтіп, қайтадан жаңа тендер жариялау қажет — бұл процесс көп уақытты қажет етеді.
«Институт өз қаржысына 2024 жылдың шілде айында құрылысы аяқталмай қалған нысанға техникалық аудит жүргізді. Оның нәтижелері бойынша жобаның сметалық құнын қайта есептеу және мемлекеттік сараптамадан өту ұсынылды. Бұл бюджеттен қаржы сұрамас бұрын жүргізілетін процесс», — деп түсіндірді бақ өкілдері.
Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер зертханасының меңгерушісі Шолпан Масалимова, жылыжайда қалған сирек кездесетін өсімдіктерді алдағы аяздардан қалай қорғайтындарын айтып берді.
Жылыжайдың орнына екі қабат арнайы пленкамен жабылған құрылымдар қайтадан орнатылды. Жұмыс институт есебінен жүргізілді. Ал, салафан пленканы жеке компания тегін берді. Сондай-ақ 2023 жылы волонтерлар өсімдіктерді салыстырмалы түрде қолайлы жағдайда ұстауға көмектесетін
10 жылу құрылғы сыйлады.
«Биыл үшінші қыс. Сирек өсетін өсімдіктер сәндік құндылығын жоғалтып ала ма деп қорқамыз. Былтыр 103 өсімдік үлгісін үсік шалды.Нақтырақ айтқанда, түрлері емес, үлгілері», — деп атап өтті Шолпан Масалимова.
Институттың бас директоры Гүлнәр Ситпаева ТМД елдерінің ботаникалық бақтары кеңесінің басшылығымен және басқа да халықаралық серіктестермен (Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск және Сингапур ботаникалық бақтары) кездесті.Осының аясында Алматы қаласының бас ботаникалық бағының жылыжайына жетілген 15 тропикалық және субтропиктік өсімдіктер тегін берілетін болды. Институттың ғылыми серіктестері коллекцияны қалпына келтіру үшін бұл өсімдіктерді сыйға тартуға дайын, бірақ бұл үшін жылыжайды қайта құруды мүмкіндігінше тезірек аяқтау қажет.
Еске салайық, осы жылдың мамыр айында Алматының бас ботаникалық бағы күрделі жағдайға байланысты көмекке мұқтаж екенін ашық айтып, демеушілер іздеп жатқанын жариялады.
2020 жылы құрылысқа қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. 2022 жылы конкурс қорытындысы бойынша «Строительная компания ШАХ» ЖШС-мен келісім-шарттар жасалды, мердігер сол жылы жұмысын бастады, бірақ 2022 жылдың соңына қарай құрылыстың сметалық құнын көтеруді талап етіп, құрылыс жұмыстарын тоқтатты.
Осыған байланысты Ботаника және фитоинтродукция институты «Строительная компания ШАХ» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру жөніндегі міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы талап сотқа арыз берді.
Бүгінгі күнге дейін Ботаника және фитоинтродукция институты барлық сот процестерін, соның ішінде апелляциялық сот инстанцияларында да жеңіп шықты. Соған қарамастан мердігер құрылыс жұмыстарын аяқтаған жоқ. 2024 жылдың 30 сәуірінде «Строительная компания ШАХ» ЖШС-мен келісім-шарт мерзімі аяқталды.