Алматы дәрігерлері эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан науқасқа ота жасады

Алматы қаласындағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне эпилепсияның ауыр түрімен ауыратын 18 жастағы қыз түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Пациенттің диагнозы фокалдық құрылымдық эпилепсия цистикалық-глиоздық өзгерістер шеңберінде фармакорезистенттілікпен ауырлатылған.

«Ол бала кезінде ишемиялық инсультпен ауырған. Кейін, 12 жасында менің қызымда алғашқы ұстамалар басталды. Күніне екі, үш ұстама болды. Эпилепсияға қарсы терапияны қабылдадық, дәрігер емдеуді бірнеше рет реттеді. Бірақ жақында жағдайы нашарлады. Құрысу көбейе бастады, бір күннің ішінде 40 рет ұстама болды, санадым. Мінез-құлқы да өзгерді, басқаларға агрессия түріндегі психикалық жағдайы нашарлады. Дәрігерлер маған өкінішке қарай, эпилепсияның ауыр түрін дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емесін және жалғыз жолы нейрохирургиялық хирургия екенін айтты. Сондықтан қалалық орталық клиникалық ауруханаға келдім», - дейді пациенттің анасы.

Осыдан кейін Алматыда алғаш рет ересек адамға өте күрделі операция жасау туралы шешім қабылданды. Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Алматовтың айтуынша, мұндағы ерекшелік – операция кезінде зақымдану прогрессивті, күшті және жиі ұстамалар тудыратындықтан пациент миының жарты шары алынып тасталады немесе өшіріледі.

«Мұндай операция ауыр неврологиялық бұзылулар кезінде төтенше жағдайларда ғана жасалады және ОҚКА базасында алғаш рет жүргізілді. Біз оң жақ жарты шардың тік функционалдық гемисферотомиясын жасадық. Бұған N2 ҚКАД нейрохирургы Азамат Жайлғанов көмектесті. Операция компьютерленген нейронавигациялық жүйенің бақылауымен 6 сағатқа созылды. Бұл асқыну қаупін азайтады», - дейді дәрігер Алматов.

Операциядан кейін ұстама тіркелген жоқ. Психоэмоционалдық жағдайы, есте сақтау қабілеті жақсарды. Кеше пациент қанағаттанарлық жағдайда шығарылған. Ол алдағы уақытта оңалту курстарынан өтуі керек.