Алматы дәрігерлері «Қан тапсырып, өмір сыйла» науқанында 37 литр қан тапсырды

Фото: Фото: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары «Қан тапсырып, өмір сыйла» науқаны аясында Республикалық қан орталығына екі күнде 37 литр қан тапсырды. 

Сауапты іс-шараға дәрігерлерден бастап мейіргерлерге дейін үлес қосты. Сонымен қатар, әкімшілік қызметкерлері де қатысты. Барлығы 83 маман ерікті түрде қан тапсырған.

«Тұрақты түрде қан тапсырып жүргеніме 5-6 жыл болды. Қан тапсырудағы мақсатым – қатерлі дертке шалдыққан кішкентай бүлдіршіндерге көмектесу. Ең бастысы – қан құюға мұқтаж жандарға көмегім тисе болғаны. Осында өзімнің бір адамға болсын септігімді тигізуге келіп отырмын», - дейді дәрігер Д.Әліпбаев.

Фото: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы

Айта кеткен жөн, елімізде жасы 18-ден асқан, медициналық көрсеткіші жақсы кез келген азамат донор бола алады. Ерлер жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыруға мүмкіндігі бар.

Фото: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы

Еске салайық, бұған дейін алматылықтар қайда барып қан доноры бола алатынын жазғанбыз.