Алматы дәрігерлері салмағы 730 грамм болып туған сәбиді аман алып қалды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының №2 қалалық перинаталдық орталығында дәрігерлер жүктіліктің 27-аптасында дүниеге келген шала туған қыз баланы аман алып қалды. 

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел амниотикалық сұйықтықтың мерзімінен бұрын ағуына байланысты орталыққа шұғыл түрде жеткізілген. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде мамандар іштегі нәрестенің өміріне қауіп төніп тұрғанын анықтап, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады.

Кесарь тілігін орталық директоры бастаған дәрігерлер тобы жасаған, нәтижесінде салмағы небәрі 730 грамм болатын қыз бала дүниеге келді. Нәресте өмірінің алғашқы сәтінен бастап жаңа туған балалардың жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде болды. 28 күн бойы дәрігерлер мен медбикелер оның жағдайы үшін күресті.

Жағдайы тұрақтанған соң сәби күтімнің екінші кезеңіне – жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Отбасы орталықта 56 күн болды. Осы уақыт ішінде баланың салмағы екі еседен астам артып, 1 800 граммға жетті.

Айта кетейік, Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығындағы балалар реанимациясы бөлімшесінде салмағы өте төмен болып туған, сондай-ақ тәулік бойы қарқынды терапияны қажет ететін ауыр хәлдегі жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының базасында жаңа туған нәрестелерді жансақтау жағдайында күтіп-баптауға арналған мамандандырылған неонатология бөлімшесі ашылғанын хабарлаған едік.