Алматыда жөндеу кезінде алынған гранит плиталар қайта орнына қойылмайды — әкімдік түсініктемесі

Фото: threads / pelle_17

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Үлкен Алматы өзенінің жағалауында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Аумақты жаңғырту жобасы аясында өзен жағалауындағы гранит плиталар алынған. Әлеуметтік желі қолданушысы бұрын берік құрылым болған орындарда қазір бетон құйылып, плиталардың қайта қойылмауына шағым білдірді. Айтуынша, оның орнына бетонның жоғары жағы гранит түсіне боялған.

Алматы қаласының әкімдігі бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, техникалық-экономикалық бағалау нәтижесі бойынша гранитті пайдалудан бас тарту туралы шешім қабылданған.

— Өйткені ол — күрделі күтімді және кейіннен тұрақты реставрацияны талап ететін, шығыны жоғары материал. Оның орнына қорғаныш жабыны бар бетон қолданылып жатыр, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ бетон жабыны үшін ылғал жағдайда пайдалануға арналған бояу қолданылатыны хабарланды. Мұндай жабын нысанның ұзақ мерзімге жарамды болуына, суға және температура өзгерісіне төзімділігін қамтамасыз етпек, сондай-ақ оның сыртқы келбетін жақсартады.

— Мұндай технология бірқатар инженерлік гидротехникалық нысандарда қолданылады және қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес келеді, — деп түсіндірді әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Үлкен Алматы өзені жағалауында гранит плиталарды ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ Алматы әкімдігі нысандағы гранит плиталар мен жиектастар дауына байланысты түсініктеме берді.