«Алматы-Екатеринбург» тас жолында жол апаты болды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін, 27 шілдеде сағат 08:50-де «Алматы-Екатеринбург» Республикалық маңызы бар автожолының 299 шақырымында жол-көлік оқиғасы болды.
Алматыға бара жатқан «Toyota Land Cruiser 200» маркалы көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік аударылған. Полиция жол-көлік оқиғасынан екі адам қайтыс болып, екеуі ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Осы факт бойынша «Көлік құралын басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
– Полиция қызметкерлері апаттың мән-жайын және болған оқиғаның себептерін объективті анықтау үшін барлық қажетті іс-шараларды жүргізеді, - делінген хабарламада.
Автомашина мамандандырылған тұраққа қойылды.
Айта кетейік, Қазақстанда жарты жылда жол апатынан мыңға тарта адам көз жұмды.