Алматы әуежайында Майлин көшесі жағынан негізгі кіреберіс ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы халықаралық әуежайы жолаушылар мен келушілерге әуежай аумағындағы көлік қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістер туралы хабардар етті.

Фото: Алматы халықаралық әуежайы

Әуежай аркасын реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына байланысты Майлин көшесі жағындағы негізгі кіреберіс енді екі бағытта — кіру және шығу үшін ашық.

— Майлин көшесі жағынан вокзал маңы аумағына кіру және одан шығу үшін 11 жолақ қолжетімді: 4 жолақ — кіруге, 7 жолақ — шығуға арналған, — деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар «Ақсұңқар» қонақ үйінің жанында орналасқан екі кіреберіс енді тек екінші қабатқа, T1 және T2 терминалдарының ұшу аймақтарына өту үшін пайдаланылады.

Фото: Алматы халықаралық әуежайы

Жабық автотұрақ кешенін пайдаланушылар үшін Закарпатская көшесіне тікелей шығу жолы қарастырылған.

Әуежай жолаушылар мен қонақтарға жол бағытын жоспарлау кезінде өзгерістерді ескеріп, әуежай аумағындағы жол белгілеріне назар аударуды ұсынды.

— Жаңартылған қозғалыс сызбасы көлік ағынын тиімдірек бөлуге және терминалдар мен әуежайдың автотұрақ инфрақұрылымына қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында ұрлықтан кейін бақылауға алынбаған аумақтарға камера қойылғанын жазғанбыз.