Алматы хайуанаттар бағында үш кенгуру төлі дүниеге келді
11:02, 09 Сәуір 2026
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағында қалталы жануарлар саны көбейді.
Ресми мәліметке сәйкес, зообақта бірден үш төл дүниеге келді. Сұр кенгурулар Лорд пен Ларадан, сондай-ақ Тик пен Линдадан екі төл туған.
— Лара алтыншы рет төлдесе, Линда алғаш рет туып отыр. Ал жирен кенгурулар Мартин мен Мартадан тағы бір еркек төл дүниеге келген. Дәстүр бойынша Алматы хайуанаттар бағы жаңа туған төлдерге ат қоюға көпшілікті шақырады. Екі кенгурудың жынысы әлі белгісіз болғандықтан, оларға еркекке де, ұрғашыға да жарасатын әмбебап есімдер ұсынуға болады, — деп хабарлады хайуанаттар бағынан.
Еске салайық, былтыр Алматы хайуанаттар бағында 31 түрлі жануардан 87 төл дүниеге келді.