Алматы ХҚО-да жүргізуші куәлігіне емтиханды корпорация қызметкерлері қабылдайды

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында теориялық емтихан тапсырудың жаңа ережелері енгізілді. Енді емтихан қабылдаудағы ұйымдастырушылық-технологиялық процестерді мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Бұған дейін онымен аутсорсинг компаниялары айналысқан, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Азаматтарға арналған үкімет

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы филиалының мәліметінше, бұл жаңашылдық мамандандырылған ХҚО-да клиенттердің сапасыз қызмет көрсету туралы шағымдарының жиі түсуімен байланысты болып отыр.

«Осындай келеңсіздіктерді жою үшін мемлекеттік корпорация тестілеу үдерісін дербес ұйымдастыруға шешім қабылдады. Осылайша, тестілеудің сапасы ғана емес, қауіпсіздігі де артады. Бұл ретте, бұрын теориялық тестілеу жол қозғалысы ережелері 2.0 жүйесі арқылы жүргізіледі. 16 қазаннан бастап мемлекеттік корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшті. Оның арқасында жүргізуші куәлігін алу процесі ашық әрі әділ өтуде» делінген хабарландыруда.

Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу барысы аудиоға жазылып, видеоға түсіріледі.

«Сонымен қатар, корпорация бұған дейін емтихан қабылдау бөлмелеріне бейнебақылау енгізген болатын. Бұл ретте кез келген адам күту залдарында да, онлайн режимінде де өтіп жатқан емтиханды көре алады. Көмекші құрал-жабдықтарды пайдаланып ұсталған клиенттер 3 айға емтихан тапсыру құқығынан айырылған айта кеткіміз келеді» деп атап өтті мемлекеттік корпорациядан.

Естеріңізге сала кетсек, емтиханнан өтпеген жағдайда келесі жұмыс күні теорияны қайта тапсыруға болады.

Егер сынақты екі рет теріс нәтижемен тапсырса, қайта тапсыру тек бір айдан кем емес мерзімде жүзеге асады.