Оның айтуынша, қазір Алматыдан Ыстықкөлге дейінгі жол шамамен 400 шақырым, оған орта есеппен 6–7 сағат кетеді.
— Ыстықкөл көршілес ел аумағында орналасқанымен, Қазақстанның оңтүстік өңірі тұрғындары жиі баратын демалыс орындарының бірі. Сондықтан бұл бағытқа сұраныс жоғары. Осыны ескеріп, халықаралық автожол салу жобасы қарастырылып отыр. Жоба жүзеге асса, жол шамамен 100 шақырымға дейін қысқарады, — деді Айдос Көбетов.
Оның мәліметінше, жоба қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу кезеңінде. Кейін мемлекеттік сараптама жүргізіліп, Қырғызстан тарапы да өз бағасын береді. Жоба тиімді деп танылса, келесі кезеңде конкурс жарияланады.
— Құрылыс шамамен үш жылға созылуы мүмкін. Нақты мерзім техникалық-экономикалық негіздеме дайын болған соң белгілі болады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыруда халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты күшейтіп жатқаны хабарланған еді.