Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласының спорт басқармасы 2025–2026 жылғы қысқы маусымда қала бойынша 11 әлеуметтік (тегін) мұз алаңын ашу жоспарланғанын мәлімдеді.
Мұз алаңдары мына мекенжайларда орналасады:
- Алатау ауданы – «Алматы арена»;
- Бостандық ауданы – Тұңғыш Президент саябағы;
- Бостандық ауданы – Тұңғыш Президент Қоры саябағы (Ганди көшесі);
- Медеу ауданы – Республика сарайы;
- Медеу ауданы – «Халық арена»;
- Медеу ауданы – 28 панфиловшылар саябағы;
- Наурызбай ауданы – аудан әкімдігінің аумағы;
- Түрксіб ауданы – С.Сейфуллин атындағы саябақ;
- Жетісу ауданы – «Kokjiek Garden» паркі;
- Жетісу ауданы – «Гүлдер» паркі;
- Алмалы ауданы – КБТУ автотұрағы;
- Қазіргі таңда көрсетілген 11 нысанның алтауында мұз құю және техникалық дайындау жұмыстары басталды. Ал қалған нысандарда дайындық шаралары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, - делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар ведомство қалада 10 коммерциялық мұз алаңы қызмет көрсететінін атап өтті. Жоспар бойынша әлеуметтік мұз алаңдары дайындық жұмыстары толық аяқталғаннан кейін кезең-кезеңмен қолданысқа беріледі.
- Алғашқы мұз алаңдарының ашылуы 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Ашылу мерзімдері ауа райына және температураға байланысты нақтыланады, - деп түсіндірді басқармадан.
Әлеуметтік мұз алаңдарын дайындау және олардың маусым бойы жұмысын қамтамасыз етуге 435 893 750 теңге жұмсалған. Аталған сомаға мұз айдыны мен мұз күтімі техникасына отын-мұнай өнімдері, жабдық пен мұз айдынының техникалық қызметі, электр желісіне қосу бойынша электромонтаждық жұмыстар кіреді.
- Мұз алаңдарының жұмыс кезеңі ауа райының қолайлығына қарай 2026 жылғы ақпан–наурыз айларына дейін жалғасады, - делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Наурызбай ауданы жаңажылдық безендіруге қанша қаражат жұмсайтынын жазғанбыз.