Алматы қаласында ұзақ уақыт пайдаланылмаған жер учаскесі сот шешімімен тәркіленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автокөлік жуу орталығы, жанармай құю станциясын сондай-ақ қонақ үй салуға арналған, алайда осы күнге дейін тиісті мақсатқа пайдалынылмаған жер тексерілді. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі мәлім етті. 

Фото: Kazinform

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті оның ішінде Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаменті Медеу ауданының Бесағаш ауылдық округінде орналасқан ауданы 0,5600 гектар жер учаскесіне тексеру жүргізді. Жер учаскесі техникалық қызмет көрсету станциясын, автокөлік жууды, жанармай құю станциясын және қонақ үйді салуға арналған.

Тексеру барысында бұл аталған жер нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмағаны және қараусыз қалғаны анықталды. Департамент сот арқылы талап қойып, мемлекет меншігіне қайтарды.

Алматы қаласы сотының шешімімен талап толық көлемде қанағаттандырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін 11 млн гектар жер мемлекетке қайтарылғанын жазған болатынбыз.