АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park теннис орталығында 17 жасқа дейінгілер арасында 2025 жылғы Франция ашық чемпионатына іріктеу турнирінің жеребесі тартылды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, аталмыш жарысқа Орталық және Батыс Азиядан Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Қырғызстан, Иордания, Ливан және Түркменстаннан 16 ойыншы қатысып, бақ сынайды.
Қазақстан намысын Альбина Кәкенова, Сәтима Төреген, Айя Мырзақұлова, Кира Эртман, Сәбина Шухратова, Кристина Крученко, София Исакова, Эвелина Балаганская, Дамир Дүйсенғазин, Тимур Сауленко, Анатолий Цыбулько, Олжас Есеналы, Арсений Требухин, Зульфар Юнус қорғайды.
Алматы қаласында Ролан Гарросқа іріктеу сайысы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс жеңімпаздары Жапонияға барып, Ролан Гаррос жолдамасы үшін сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің Олимпиада ойындарының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жасөспірім теннисшілер Сербиядағы жарыста үздік шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).