Алматы — Қаскелең тасжолын 8 жолаққа кеңейтуге қанша қаражат жұмсалады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында республикалық маңызы бар Алматы — Бішкек тасжолының кеңейту жұмыстары басталып кетті.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, республикалық маңызы бар Алматы — Бішкек тасжолының 19-дан 27-шақырымына дейінгі учаскесі төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл жұмысқа жалпы 33,9 млрд теңге жұмсалады. Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңге бөлінген. Қаржыландыру Қазақстан даму банкінің қаражаты есебінен қарастырылған.

Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан жолды кеңейту үшін мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Одан бөлек учаскенің өзінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті.

— 2026 жылдың 20 шілдесінен бастап «Әлем Транс Жол» ЖШС мердігер ұйымы құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті. Жобаны аяқтау мерзімі — 2027 жылдың желтоқсаны, — деп хабарлады басқармадан.

Аталған автожолды кеңейту Алматы кіреберісіндегі жүктемесі жоғары жолда өткізу қабілетін арттыруға және Қаскелең бағытындағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Еске салайық, жыл басында Алматы-Қаскелең және Алматы-Талғар жолдары қашан кеңейтілетінін жазғанбыз.

Ал биыл шілде айында Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы-Қаскелең автожолын кеңейту жұмысы басталатыны белгілі болды.