Алматы – Қонаев тасжолында жаппай жол апаты болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы-Қонаев тасжолының бір бөлігінде көліктер апатқа ұшырап, адамдар зардап шекті.

Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде Алматы-Қонаев тасжолында болған жол апатының видеосы тарады.

Бейнежазбадан соғылған көліктер мен жарақат алған адамдарды көруге болады.  

«Жұмысқа көлікпен бара жатыр едік, мынандай жағдайдың куәсі болдық. Көліктің астына қысылып қалған жас жігітті шығарып алдық. 17 жаста екен. Аман-есен. Оған қол ұшымызды созып жатқанда тағы бір жол апаты болды»,- деп жазды оқиғаның куәгері.

Белгілі болғандай, жол апатының бәрі 26 қаңтар күні таңертең Алматы-Өскемен тасжолының Алматы-Қонаев ақылы бөлігінде болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Mitsubishi Legnum көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай электр бағанасына соғылған, кейін оны эвакуациялау үшін Mazda көлігі көмекке келді.Сол кезінде JAC көлігінің жүргізушісі қашықтықты сақтамай Mazda-ға келіп соғылды»,- деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясынан.

Сонымен қатар, бейнежазбаға пікір қалдырған көптеген желі қолданушы жолдардың қардан тазартылмағанын айтып шағымданды.

«26 қаңтар күні сағат 06:00 шамасында басталған қар сағат 09:00-ге дейін жауды. №15 жол учаскесінде қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп, көктайғаққа қарсы құм себілді. Оған 12 техника мен 22 жұмысшы жұмылдырылды», - деп жауап берді компаниядан.

Қазіргі уақытта Алматы – Қонаев тасжолының ақылы бөлігінде қозғалыс толығымен қамтамасыз етілген.