Алматы-Қонаев жолы Алатау қаласының тұрғындарына тегін болады
АЛАТАУ. KAZINFORM – Алатау қаласының тұрғындары Алматы – Қонаев автожолының ақылы учаскесі бойынша тегін жүріп-тұру құқығына ие болды.
Алатау әкімдігінің мәліметінше, аталған тас жолда тегін жүріп-тұру жаңадан құрылған қалада тіркелген көлік құралдарына абоненттік төлемсіз ұсынылады.
– Аталған шешім Алматы – Қонаев автомобиль жолының әлеуметтік маңызы бар нысан екенін ескере отырып қабылданды. Бұл жол Алатау қаласын Алматы қаласымен және облыс орталығы – Қонаев қаласымен байланыстыратын негізгі әрі іс жүзінде жалғыз көлік қатынасының жолы, - делінген мәлімдемеде.
Әкімдік көлік құралдары бұрын Іле ауданында тіркелген Алатау қаласының тұрғындарына көлік құралының техникалық паспортын жаңарту қажет екенін ескертті. Құжатты жаңарту кезінда мемлекеттік тіркеу нөмір ауыспайды. Ал қызмет құны — 1,25 АЕК (5 406 теңге).
– Техникалық паспорт жаңартылғаннан кейін көлік құралы Алатау қаласында автоматты түрде есепке алынып, Алматы – Қонаев ақылы жол учаскесі бойынша тегін жүріп-тұру құқығы беріледі, - деп хабарлады әкімдік.
Еске салайық, 2026 жылы ақылы жолдар арқылы жүру құны қанша теңге болатынын жазғанбыз.