Алматы көшелеріндегі SkyTrain қоршаулары: қалада жаңа көлік жолы салына бастады ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы көшелерінде жаңа көлік түрінің аты жазылған қоршаулар пайда болды.

Фото: alina_journall

Алматылықтар арасында Саин көшесі мен Әл-Фараби даңғылының кей учаскелерінде SkyTrain деп жазылған қоршаулар қызығушылық тудырды. Тұрғындар қалада «жерүстімен жүретін рельсті көліктің құрылысты басталды ма» деген болжам жасап отыр.

Аталған баннерлерге байланысты қала әкімдігі түсініктеме берді.

Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі уақытта SkyTrain жобасы аясында осы учаскеде жобалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: alina_journall

- Аталған жұмыстар қысқа мерзім ішінде орындалады. Суретте көрсетілген учаскедегі жұмыстар 13 қазанда аяқталады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, Алматыда жол-көлік инфрақұрылымын бірнеше бағытта дамыту жоспарланып отырғаны хабарланды. Оның ішінде LRT, SkyTrain және метро желілері бар.

Сонымен қатар Алматыда 40 млрд бөлінген Райымбек даңғылындағы BRT жобасы SkyTrain жобасына байланысты тоқтатылғанын жазғанбыз.