Алматы құтқарушылары ауа райына байланысты ескерту жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескертуге сәйкес, 3 маусым күні қала аумағында найзағай ойнап, солтүстік-батыстан соғатын желдің күшейетіні туралы хабарлады.

Фото: Pexels

Жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар Бостандық және Медеу аудандарының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр, найзағай және солтүстік-батыс желінің секундына 15–20 метрге дейін күшеюі болжанып отыр.

Осыған байланысты ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауды, ағаштардың, жарнамалық құрылымдардың және электр желілерінің маңында болмауды, автокөліктерді қауіпті нысандардың жанына, ағаштардың астына қоймауды, сондай-ақ дауылды ескерту кезеңінде таулы аймақтарға барудан бас тартуды ұсынды.

— Ауа райының өзгеруін бақылап, төтенше жағдайлар қызметтерінің ескертуін орындаңыздар. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз, — дейді департаменттен.

Еске салайық, Алматының Тимирязев көшесінде жер астынан су атқылады.