ТЖМ мәліметінше, жасөспірімдер тауға өз бетінше шығып, белгіленген уақытта оралмағаннан кейін олардың жоғалғаны туралы хабар түскен.
Хабарлама түскен бойда Алматы төтенше жағдайлар департаменті Құтқару қызметінің мамандары іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Құтқарушылар таулы аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, жасөспірімдер жүруі мүмкін бағыттарды тексерді.
Іздестіру нәтижесінде олар Қарасай ауданындағы Турист шыңы маңынан табылды. ТЖМ мәліметінше, жасөспірімдердің жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарушылар тұрғындарды тауға шығар алдында қауіпсіздік ережелерін: маршрутты алдын ала жоспарлауға, жақындарыңызға қайда баратыныңызды және қашан оралатыныңызды хабарлауға, толық қуатталған ұялы телефон алып жүруге және ауа райы болжамын ескеруге үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері Алакөлде алты адамды құтқарды.