Қалалық білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаевтың айтуынша, шілде айынан бастап қаладағы 10 мектепте ЖИ сервисі сынақтан өтіп жатыр. Оның қатарында мұғалімнің цифрлық көмекшісі, оқушыға арналған ЖИ-тьютор мен аналитикалық жүйелер бар.
- Алдағы уақытта мұндай технологияны кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – жасанды интеллект арқылы педагогтердің күнделікті қайталанатын жұмысының бір бөлігін азайту. 2029 жылға қарай мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін шамамен 30 пайызға қысқарту көзделген, - деді ол.
Тағы бір жаңа жүйе – SANA. Ол педагогтердің оқу жүктемесін, жалақы есептеуді, жұмыс уақытының табельдері мен қызметкерлер туралы нақты деректерді автоматты түрде салыстыруы тиіс.
Сонымен қатар Сәкен Аралбаев оқушылардың оқу кестесінде өзгеріс болатынын атап өтті.
Айтуынша, 5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8–11 сынып оқушылары үшін «Заң мен тәртіп» курсы енгізіледі. Оған қоса «Жеке қауіпсіздік» курсы жалғасып, «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы енгізіле бастайды.
Еске салайық, бұған дейін «Информатика және жасанды интеллект» пәні аясында оқушылар ЖИ-дің қыр-сырын меңгере алатынын жазғанбыз.