Алматы мектептерінде былтыр буллингке қатысты 600-ден астам хабарлама тіркелген

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда балалар арасындағы буллинг мәселесі қалай шешіліп жатыр? Бұл сұраққа балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева жауап берді.

Фото: Canva

Оның айтуынша, буллинг мәселесі әлі де балалардың қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қауіп. Сондықтан қазір оның алдын алу жұмысына көбірек көңіл бөлініп отыр.

2025 жылы Алматы мектептерінде буллингтің ықтимал жағдайлары туралы 638 хабарлама тіркелген.

- Әр өтініш мұқият тексеріліп, балалар мен жанжалға қатысушыларға психологиялық әрі педагогикалық көмек көрсетілді. Буллингтің расталған 6 фактісі бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Жанат Айтпаева.

Сонымен қатар «DOSBOLLIKE» бағдарламасы аясында буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға арналған 112 мыңнан астам сабақ өткізілген. Оған 314 мыңнан астам оқушы қатысты.

- Егер сіз баланың құқықтарының бұзылғанына куә болсаңыз немесе оған көмек қажет екенін байқасаңыз, 111 бірыңғай нөміріне дереу хабарласа аласыз. Үйлестіру орталығы өтінішті «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдап, психологтарды, әлеуметтік қызметкерлер мене басқа да қажетті қызметтерді жедел түрде іске қосады», – деп түйіндеді Жанат Айтпаева.

Еске салайық, Алматыда баламен жұмыс істейтін мекемелер ескертусіз тексерілетін болады.