Алматы мектептерінде орын тапшылығы қашан азаяды
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2025 жылға қарай мектептерде орын тапшылығы азаятынын, бұл үшін қандай шаралар қолға алынғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Биыл бүкіл республика бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Алматыға келсек, 2024-2025 жылдары 37 100 орындық 22 мектеп ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 23 100 орындық 13 мектептің құрылысын бастау туралы меморандумға қол қойылды, сондай-ақ 12 мың оқушыға арналған 8 мектептің құрылысы мен сатып алуына жеке инвесторлармен меморандумдар бекітілді. Оған қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидатымен 2 мың орындық бір мектеп салынады», – деді Е. Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.
Алматы әкімінің айтуынша, 2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай оқушы орындарының тапшылығы басқарылатын деңгейге дейін төмендетіледі.
«Биылғы оқу жылында мемлекеттік мектептерде бір ауысымдық режимге белсенді көшуді бастаймыз деп ойлаймыз», – деп толықтырды Ерболат Досаев.
Сонымен бірге мегаполис әкімі биылғы жыл басынан 5 920 оқушыға есептелген 21 мектеп және қосымша құрылыс пайдалануға берілгенін айтты. Оның ішінде 3 450 орындық 16 жекеменшік мектеп, 1,5 мың орындық 1 мемлекеттік мектеп және 970 орындық 4 қосымша ғимарат бар.
Биыл 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 30 мектепте «Мектеп автобусы» жобасы іске қосылды. Ол үшін 100 автобус сатып алынған.