Алматы мен Швейцария арасындағы сауда айналымы 303 мың долларды құрады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Швейцария Парламентінің депутаттарынан құралған делегациямен кездесті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында ынтымақтастықты дамыту және серіктестік қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды. Делегация құрамында Йозеф Дитли, Филлип Ломбарди, Марко Кьеза, Эрик Нусбаумер және басқа да парламент өкілдері болды.
Дархан Сатыбалды атап өткендей, Алматы — Қазақстанның ең ірі қаржы орталығы. Мұнда банк активтері мен сақтандыру нарығының елеулі бөлігі шоғырланған. Қаланың экономикасының негізгі бағыттары — қызмет көрсету, сауда және шағын бизнес.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Алматы мен Швейцария арасындағы сауда айналымы 303 мың АҚШ долларын құрады. Депутаттар табиғи ерекшеліктері мен туризм және финтех салаларындағы әлеуеті тұрғысынан Алматының Лугано қаласына ұқсастығын атап өтті.
Тараптар қалалық инфрақұрылымды дамыту, орнықты даму және инновациялық технологиялар салаларында ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.
Айта кетейік, Жасанды интеллект министрлігі стартаптарды дамытуға $1 млрд инвестиция салады.