Алматы метросы пойыздардың ұзақ интервалына қатысты түсініктеме берді

Фото: пресс-служба КГП «Метрополитен г. Алматы»

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тұрғындары қалалық метродағы пойыздардың жиілігіне байланысты шағым білдірді. 

Әлеуметтік желіде жылдам көліктің интервалы ұзарып кеткені туралы жазбалар көбейген.

— Алматы метросындағы 10 минуттық интервал — ақылға сыймайды. Тіпті демалыс күндері де солай. Метроның тартымдылығы — оған ештеңенің әсер етпейтіндігінде еді, бірақ мұндай ұзақ интервал жер астына түсудің мәнін жояды, — деп жазды Никита Баев.

Алматы метрополитені өзінің желідегі парақшасында пойыздардың жүру жиілігіне байланысты түсініктеме берді.

— Метро — бұл сенімді және қауіпсіз көлік жүйесі, ол кептеліс пен ауа райының жағдайына қарамастан жұмыс істейді. Оның негізгі артықшылығы — тұрақты қозғалыс, бірақ пойыздар саны желіде жолаушылар ағынына байланысты болады, — делінген жазбада.

Метрополитен мәліметінше, жұмыс күндері таңертең (06:20–09:30) және кешке (16:30–21:00) желіде 9 пойыз қатынап, интервал 6 минут 54 секунд болады. Жолаушылар ағыны күрт артатын уақытта тағы 4 пойыз қосылып, желіде барлығы 13 пойыз жүреді. Ал интервал 3 минут 27 секундқа қысқарады.

— Осы уақытта платформалар ең көп жолаушыны қабылдайды, сондықтан пойыздардың қозғалысы барынша жиі ұйымдастырылады. Сағат 09:30–дан 16:30–ға дейін және сағат 21:00–ден станциялар жабылғанға дейін жолаушылар ағыны едәуір төмендейді. Статистика бойынша бұл уақыттарда жолаушылар саны бірнеше есе аз. Сондықтан желіде тек 6 пойыз жұмыс істейді, ал пойыздар арасындағы интервал 10 минут 20 секундқа дейін ұзартылады, — деп түсіндірді метро баспасөз қызметі.

Сондай-ақ метрополитен демалыс күндері де жолаушылар ағыны аз болғандықтан, пойыздар интервалы ұзартылатынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Қалқаман метро бекетіне дейінгі туннель толық қазылғанын жазғанбыз.