Алматы метросы жаңа рекорд орнатты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метросы кеше, «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчы өткен күні 142 932 жолаушы тасымалдады.
— Жаңа рекорд! 30 қыркүйек күні «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойында Алматы метросында жолаушылар ағыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Сол күні метрополитен 142 932 жолаушыны тасымалдады — бұл тарихтағы ең жоғарғы тәуліктік көрсеткіш, — делінген метрополитеннің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Матч күні метроның жұмыс уақыты 01:00–ге дейін ұзартылды.
Еске салайық, Алматыдағы ойынға 5 мыңнан астам шетелдік турист келді.
Қазақстанның әр өңірінен келген жанкүйерлермен қосқанда, көрермендердің жалпы саны ондаған мың адамға жетті.
Айта кетейік, бұған дейін, 2 қыркүйекте де Алматы метрополитенінде рекорд тіркелген еді. Ол күні жұмыс уақыты ішінде метромен 117 мың жолаушы қатынаған.