Метрополитен бекеттерінің кіреберісіндегі адамдар кезегінің бейнежазбалары әлеуметтік желіде тарап жатыр. Кадрлардан жолаушылар көптігінен пойыздарға кіріп-шығу қиындағанын көруге болады.
Сондай бейнежазбалардың бірі Бауыржан Момышұлы бекетінде түсірілген.
Алматы метрополитені аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ресми мәліметке сәйкес, 1 қыркүйекте түске дейін метро пойыздары 40 мыңға жуық жолаушыны тасымалдаған.
– Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде Алматы метросында жолаушылар ағыны артты. 1 қыркүйек күні сағат 06:20 дан 15:00-ге дейін 40 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Оқу жылының басталуына байланысты метро жұмысы күшейтілген режимде ұйымдастырылды. Таңғы және кешкі қарбалас уақытта пойыздар арасындағы интервал 3 минут 27 секундқа дейін қысқартылды, – деп хабарлады метро баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі қыркүйекте көлік жүктемесінің артуына байланысты бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.