Алматы метросында 14 жылда 200 млн жолаушы тасымалданған

Фото: Алматы қаласы метрополитені

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі қаладық метрополитен 14 жыл ішінде 200 000 000 жолаушыға қызмет көрсеткенін хабарлады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, күн сайын метро қызметін 120 мыңнан астам адам пайдаланады. Оның үздіксіз жұмысын 1 500-ден астам маман қамтамасыз етеді.

— Бүгін метрополитеннің іске қосылғанына 14 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол қаланың негізгі көлік түрлерінің біріне айналып, жолаушыларға жылдам, қауіпсіз және қолайлы қатынауды қамтамасыз етіп келеді, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ қала басшылығы жаңа «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлады.

Еске салайық, биыл Алматы метросы бір күнде тасымалданған жолаушылар саны бойынша рекорд жаңартты. Алматыда «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчы өткен күні 142 932 жолаушы тасымалдады.