Алматы метросында бірқатар затты алып кіруге тыйым салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метросында жекелеген қозғалыс құралдарын алып кіруге және тасымалдауға қатысты жаңа шектеулер күшіне енді.

Фото: Алматы метрополитені

Алматы метрополитенінің әкімшілігі 2026 жылдың 23 маусымындағы № 519 бұйрыққа сәйкес, жолаушылар мен метрополитен қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір қозғалыс құралдарын алып кіруге және тасымалдауға тыйым салынғанын хабарлады. Олар:

  • электрлі велосипедтер;
  • электрлі самокаттар;
  • велосипедтер (балалар велосипедтерін қоспағанда);
  • роликті тақталар (скейтбордтар);
  • электрлі монодөңгелектер (моноциклдер) және өзге де осыған ұқсас қозғалыс құралдары.

Шектеу қолданылмайды:

  • қапқа салынған жиналмалы электрлі емес велосипедтерге;
  • қапқа салынған жиналмалы электрлі емес өзге де осыған ұқсас қозғалыс құралдарына;
  • балалар арбаларына;
  • мүгедектердің кресло-арбаларына.

— Енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарап, метрополитенді пайдалану қағидаларын сақтауларыңызды сұраймыз, — деп хабарлады метро баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы метросында колледж студентінен оқ-дәрі табылды.