Алматы метросында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Есірткі және басқа да тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының алдын алуға ерекше назар аударылды.
Тәртіп сақшылары Алматы метросында жолаушыларды тексеру-бақылау шараларын күшейтті.
— Метрополитен - күн сайын ондаған мың жолаушы жүретін стратегиялық маңызды нысан. Сондықтан біздің міндетіміз - барынша қауіпсіз ортаны құру. Біз қауіпсіздік шараларын күшейттік, техникалық құралдар мен қызметтік иттерді пайдалана отырып нысандарды үнемі тексеріп отырамыз. Әр алматылық өзін қорғалған сезінуі үшін біз басқа құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс жасаймыз, — деді Метрополитендегі полиция басқармасының басшысы Батуржан Абдумасаров.
Сондай-ақ ол азаматтарды қырағы болуға, қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға және қажет болған жағдайда күдікті заттар немесе адамдар туралы полиция немесе метро қызметкерлеріне хабарлауға шақырды.
Осыған дейін, Алматы метрополитені қос функциялы жаңа қоршауларды сынақтан өткізіп жатқаны туралы жазғанбыз.
Бұдан бөлек, турникеттерді жаңарту жұмыстары басталды.