Алматы метросында жолаушылар жолақыны QR арқылы төлей алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 16 сәуірден бастап пилоттық режимде жолақы төлеудің жаңа тәсілі енгізіледі.
Алматы метрополитенінің мәліметінше, бұл баламалы төлем тәсілі жолаушыларға интернет желісіне қосылмай-ақ QR-код арқылы жолақы төлеуге мүмкіндік береді.
Аталған шешім жерасты инфрақұрылымының ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген және метроны пайдалану ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.
QR-код арқылы төлем жасау үшін Onay қосымшасын қолдану қажет.
— Алматы метросы көлік саласының ажырамас бөлігі, күн сайын метро 100 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды, оның 65%-дан астамы Onay бірыңғай көліктік картасымен жол ақысын төлейді. Барлық төлем әдістері әдеттегідей қолжетімді болады және QR-мен бірге жұмыс істейді, — деп хабарлады метрополитен.
Еске салайық, 2023 жылдың соңында Алматы метросында «Face Pay» төлем тәсілі іске қосылған болатын.