Алматы метросында төбелескендерге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда пойызда басталып, кейін метро станцияларының бірінің платформасында жалғасқан төбелеске қатысқан екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Фото: «Алматы Метрополитені»

Ведомствоның мәліметінше, оқиғаға полиция қызметкерлері жедел араласып, жанжалға қатысқан екі адам ұсталған. Кейін жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданды.

— Сот шешімімен құқық бұзушылар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, — делінген хабарламада.

Алматы полиция департаменті қоғамдық көлікте қоғамдық тәртіпті бұзуға, агрессия көрсетуге және өзге жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруге жол берілмейтінін ескертті.

— Мұндай әрбір дерекке құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады, — деп мәлімдеді полиция.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда теңіз жағалауындағы айлақтардың бірінде бірнеше ер адам жаппай төбелесіп, тұрғындардың үрейін ұшырғанын жазғанбыз.