Алматы музейлеріне келушілер саны үш есе артты

Фото: Фото: Алматы музейлері бірлестігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 18 мамыр — Халықаралық музей күні. Мереке қарсаңында Kazinform тілшісі Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықовамен сұхбат құрған еді.

— Әңгімені Қазақстанның мәдени астанасы — Алматыдағы музейлер санынан бастасақ.

— Елімізде 280-нен астам музей жұмыс істейді. Алматы қаласында 30-ға жуық музей орналасқан. Оның ішінде республикалық, қалалық, жеке меншік музейлер бар. Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына соның 9-ы кіреді. Қала аумағында жалпы 160 нысан (археологиялық, сәулет және монументалды өнер ескерткіштері) тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің тізімінде мемлекеттің қорғауына алынған 6 музей бар. Олар: Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, А. Байтұрсынұлы музей-үйі, М. Әуезов музей-үйі, Ә. Қастеев атындағы Ұлттық өнер музей, «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі.

Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра ескерткіш тізіміне 6 музей енген. Атап айтсақ, Алматы музейі, С. Мұқановтың және Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музейлері, Райымбек батыр кесенесі, Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі және тағы басқалары.

— Музейдегі жәдігерлер қалай зерттеліп, сақталады?

— Музей заттары арнайы температура және ылғал режимінде сақталуы тиіс. Бірлестікке қарасты музейлер қорындағы жәдігерлер осы талапқа сай арнайы қор бөлмелерінде тұр. Қазір қорда 66 369 жәдігер бар. Олардың қатары жыл сайын құнды дүниемен толығып отырады. Мәселен, 2024 жылы музей қоры 471 жәдігермен толықты. 2018-2025 жылдар аралығында 64 766 экспонат цифрландырылды, бұл — жалпы экспонаттардың 97,5 пайызы. Биыл осы бағытта жұмысты аяқтау жоспарда бар. 

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмысқа тоқталсақ, бірлестік Ғылым және жоғары білім министрлігінен ғылыми және ғылыми-техникалық субъект ретінде аккредиттелді. Сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу лицензиясын алды.

Бірлестікте 22 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Мәселен, былтыр аталған мамандар 9 ғылыми конференцияға қатысып, ғылыми зерттеу нәтижесін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Өткен жылы — 80, жыл басынан бері 20 мақала жарыққа шықты.

Былтыр 17-26 қазан аралығында Алматы қаласы музейлер бірлестігі итальяндық және француздық мамандардың қатысуымен Боралдай ерте темір дәуірінің некрополында геофизикалық зерттеулер (электротомография) жүргізіді. Зерттеу қорытындысы Archaeological Prospection (Scopus) журналында басылып шығады.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Сондай-ақ, 2024 жылы қазан айында Алатау ауданындағы апатты жағдайдағы қорғанда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қорғанның жерлеу құрылысы зерттелді. Қазба жұмыстары барысында қаңқа қалдықтарының фрагменттері мен бірегей шатырлы жерлеу құрылысының элементтері — қола ілмектер мен шегелер табылды.

Бірлестікке қарасты музейлердің ғылыми қызметкерлерінің ұзақ жылдардағы зерттеу жұмысының нәтижесінде энциклопедия және музей каталогы жарыққа шықты.

Нақтылай кетсек, былтыр «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясы және Алматы музейінің қорында сақталған жәдігерлердің «Алматы Қазақстан суретшілерінің шығармашылығында» атты каталогы пайда болды.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

— Музей саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? 

— Қала басшылығы жыл сайын музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударады. Сала мамандары әлемнің жетекші музейлеріне барып тәжірибе алмасып келеді. Мәселен, 2023 жылы 10 қызметкер Париждегі Ұлттық музейлер орталығында біліктілігін арттырса, 2024 жылы 10 маман Сингапур ғылыми орталығында, 2025 жылы 6 қызметкер Түркияның жетекші музейлерінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен біліктілік арттыру курсынан өтті.

— Нәтиже бар ма? 

— Әлбетте, музейге келушілер саны 3 есе артты. 2024 жылы ақылы түрде музейлерге 170 мыңға жуық адам келді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 183%-ға артық. 2022 жылмен салыстырғанда 211%-ға көп. Сәйкесінше, табыс көлемі де өсті. Жалпы табыс 85,5 млн теңгеге жетті, оның ішінде 75,7 млн теңге билет сатылымынан түсті.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

— Музей саласы бойынша қай елдермен байланыс орнатылған?

— Халықаралық байланысты нығайту бағытында соңғы 2 жылда 18 халықаралық өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетін шетел азаматтарына насихаттау мақсатында соңғы 2 жылда 7 халықаралық көрме ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Австрия, Чехия, Венгрия, Сербия елдерінде. Көрме ұйымдастыру бойынша жүргізілген келіссөз барысында жиын өтетін орын, экспозициялық жабдықтар, жарықтандыру жүйелерін кемінде 1 ай мерзімге, Сеул қаласында 2 ай мерзімге тегін алу туралы келісімге келдік.

Ынтымақтастық нәтижесінде Алматы музейінде Оңтүстік Корея астанасы Сеул тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» халықаралық көрмесі және Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Саха (Якутия) Республикасының Якутия халықтарының музыкасы және фольклоры музейінің халықаралық көрмесі өтті.

Аталған шаралар шетелдік аудитория тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, кең қолдауға ие болды. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар біздің жобаларымыз туралы 115 материал жариялап, оң пікір білдірді.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

2025 жылы музейаралық келіссөз нәтижесінде Мажарстан, Сербия және Италия елдерінің халықаралық көрмесін ұйымдастыру көзделіп отыр. Мадьярлардың әйгілі Матьо кесте өнерін таныстыратын «Матьо халық өнері — мадьяр мәдениетінің мұрасы» көрмесі 16 мамырда ашылды. 

Сонымен қатар, 2025 жылғы 12-19 маусым аралығында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ халық музыкалық аспаптарының көрмесі ұйымдастырылмақ. Шара Нұрғиса Тлендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналады. Бұл маңызды күн ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген. «Мыңжылдықтар әуені: Нұрғиса Тілендиевтің шабыт қайнары» көрмесі Алматы әкімдігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырылады.

— Мәде­ниет саласының өкілі ретінде айтыңызшы, музейлерге жас, креатив мамандарды тарту бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр? 

— Бүгінде Алматы музейлерінде қызмет ететін мамандардың 60% — жастар. Жас мамандардың кәсіби дамуына ерекше мән береміз. Жоғары оқу орнын жаңа аяқтаған түлектер теориялық білімін музей ісінде тәжірибе жүзінде бекітіп, еңбек жолын Алматы қаласында бастап қана қоймай, одан әрі олар әлемдік жетекші музейлерде тағылымдамадан өтіп, әлемнің жетекші музейлерінде біліктілік арттыруға мүмкіндік алады.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

— Сол жас мамандардың әлеуметтік жағдайына тоқталып өтсеңіз…

— Бірлестікке қарасты музейлерде жұмыс істейтін 19 қызметкер былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша баспанаға ие болса, 2023 жылы 13 жас маман қоныс тойын тойлады. Бұл - мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. 2023 жылы қала әкімі шешімімен музей қызметкерлерінің жалақысы жергілікті бюджет есебінен 30%-ға көтерілді, ал республикалық бюджет есебінен қызметкерлердің жалақысы жыл сайын 18%-ға артып келеді.

— Алматыда қанша музей жаңартылды?

– Бұл бағытта музей кеңістігін заман талабына сай қайта ұйымдастыру, реэкспозиция жасау және техникалық жабдықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты бірқатар нысан жаңартылды. 2021 жылы Д. А. Қонаев музейі мен Ғ. Мүсірепов музей-үйі, 2022 жылы С. Мұқанов пен А. Байтұрсынұлы музей-үйлерінде реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін, 2012 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, 2016 жылы Алматы музейі мен Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы жаңаша форматта келушілерге есігін ашқан болатын.

Қазір Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай композитордың мемориалды музейінің экспозициясын жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Райымбек батыр мемориалды кешенін музейлендіру, жаңа ғимараттың салынуы және бұрынғы Верный обсерваториясы ғимаратында Оbservatorium музейін ашу жоспарда.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

— Музейге кіру құны қанша? 

–2024 жылдан бастап қала әкімдігінің шешімімен бірлестік музейлері оқушылар үшін тегін қызмет ете бастады. Өткен жылы 85 мың оқушы музейге тегін келді.

Бекітілген прейскурантқа сәйкес ересектерге кіру ақысы 1000 теңге, студенттерге 500 теңге, зейнеткерлерге 300 теңге және туристерге 1500 теңге.

Соғыс ардагерлеріне, жауынгер-интернационалисттерге, жетім балалар мен мектепке дейінгі жастағы балаларға және І, ІІ топтағы мүгедектерге бірлестік музейлеріне кіру тегін. Сондай-ақ, ІІІ топ мүгедектеріне 50% жеңілдік қарастырылған.

Былтыр музей экспонаттарын 308 812 адам тамашалады. Оның ішінде ақылы түрде Бірлестік музейлеріне 170 000-ға жуық адам келді. Жыл басынан бері 125 111 адам келсе, оның ішінде 44 мыңға жуығы ақылы кірді.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Биыл Халықаралық музей күні қандай іс-шаралар өтеді?

–1978 жылдан бастап әлемдегі барлық музей қызметкері 18 мамыр күні өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. «Музей түні» алғаш рет 1997 жылы Берлинде өткізілді. Соан бері музейлерде осы акция ұйымдастырылып келеді. Қазақстанда «Музей түні» акциясы 2005 жылдан бері өтіп жүр.

Алматы музейлер бірлестігі - акцияның белсенді қатысушыларының бірі.  

Алғашқы шаралардың бірі — 16 мамыр күні Алматы музейіне Қазақстанда алғаш рет өтетін «Матьо халық өнері — мадьяр мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды. Матьо кестелеу мәдениеті ЮНЕСКО-ның әлемдік материалды емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Бұл көрме Мажарстанның Алматыдағы Бас Консулдығымен бірлесе ұйымдастырылып отыр. Қонақтар назарына Мажарстанның бай мәдени мұрасын таныстыратын 100-ден астам бірегей экспонат ұсынылады.

Бұл күні, алдағы жексенбіде — 18 мамыр халықаралық музей күні Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты (Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д. А. Қонаев музейі, С. Мұқанов музей-үйі, Ғ.Мүсірепов музей-үйі, Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығы, А. Байтұрсынов музей-үйі) музейлерге кіру тегін болады.

«Музей түні» халықаралық акциясы аясында музейлер 18 мамыр сағат 10:0 мен 00:00 аралығында жұмыс істейді, арнайы шаралар ұйымдастырылады.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Бірлестікке қарасты барлық музейде:

— танымдық интерактивті квестер мен викториналар;

— музей экспозициясы бойынша театрландырылған экскурсиялар;

— спектакльдер ;

— Алматы тарихы музейінде еліміздегі жетекші реставратор, археолог мамандардың (Элина Алтынбекова және археолог Марат Нұрпейісов) арнайы лекциялары;

— Алматы тарихы музейінде «Музейге сый» акциясы;

— фотокөрмелер мен ашық аспан астындағы кинокөрсетілімдер;

— танымал әншілердің (Еркеш Хасен, Ернар Амандық, Алашұлы тобы, т. б.) қатысуымен концерттер;

— жасанды интеллектпен фотоаймақтар;

— қыш ыдыстар, музыкалық аспаптар жасау, бейнелеу өнері бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Акция аясындағы ерекше жобалардың бірі — алты музейді қамтитын квест-ойын. Жастар арасында танымал блогерлер Аңсаған Садырханов және Ғалымжан Жанықұлов бастаған топтар музейлерді аралап, мамандар арнайы әзірлеген тапсырмаларды орындайды.

Сонымен қатар, балаларға арналған арнайы аймақтар: квест ойындары, музейлік пазлдар, аквагрим ұйымдастырылады.