Алматы облысы әкімдігінің екі басқарма басшысы жазаланды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысы әкімдігіне қарасты екі басқарманың басшысы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратурадан мәлім еткендей, Алматы облысының әкімдігі 15 млрд теңгеге жолды күрделі жөндеу бойынша конкурста жеңімпаздың болуына қарамастан, сатып алудан заңсыз бас тартып, жаңа жеңімпазды анықтау үшін конкурс жариялаған.
«Бұл кәсіпкердің құқықтарына нұқсан келтірді. Қадағалау актісімен конкурс тоқтатылды және әкімдікке конкурс жеңімпазымен шарт жасасу ұсынылды.Осындай шешімді сот кәсіпкердің талабы бойынша қабылдады»,- деп атап өтті ведомстводан.
Алайда әкімдік сот шешімі мен прокуратураның қадағалау шараларына қарамастан конкурс жариялаған.
«Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны және прокурордың ұсынуы бойынша шаралар қолданбағаны үшін облыс әкімдігінің екі басқарма басшысы ҚР ӘҚБтК-нің 173 және 664-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Алматы облыстық прокуратурасынан.