Алматы облысы туристерді немен қызықтырады

АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» жобасының түсірілім тобы бұл жолы Алматы облысына табан тіреді. Бағдарлама жүргізушілері өңірдің тұмса табиғатына тәнті болып, туристерге жасалған жағдаймен танысты.

Фото: видеодан алынған скрин

Көлсайдың көркіне әлем тәнті

Бағдарлама жүргізушілері сапарын еліміздің ең көрікті табиғи мекендерінің бірі — Көлсай көлдерінен бастады. Солтүстік Тянь-Шаньның Күнгей Алатауы жотасында, теңіз деңгейінен 1800–3500 метр биіктікте орналасқан өңір Қазақстанның табиғи інжу-маржаны саналады.

Ұлттық парктің басты ерекшелігі — бай биоалуантүрлілік. Парк аумағы теңіз деңгейінен 1400–4265 метрге дейін созылатын бес биіктік белдеуін қамтиды. Мұнда өсімдіктің мыңнан астам түрі өседі, оның 19-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Фото: видеодан алынған скрин

Жануарлар дүниесі де бай. Ұлттық паркте омыртқалы жануарлардың 225-тен астам, ал омыртқасыздардың мыңға жуық түрі мекендейді. Табиғи байлықпен қатар туристерге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Көл жағасында серуендеуге арналған соқпақтар, катамаран мен қайықтар жұмыс істейді.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал табиғатты жақыннан тамашалағысы келетіндер атпен екінші Көлсай көліне дейін саяхаттай алады.

— Ұлттық паркте инфрақұрылымды дамытуға ауқымды қаражат бөлініп жатыр. Биыл парк маңындағы соқпақтарды абаттандыруға облыстық бюджеттен 267 млн қаражат қаралды. Салыстырмалы түрде 2022 жылы 100 млн теңгеден аса қаражат ғана бөлінген еді. Ұлттық парк туристерден түскен табысты да аумақты көркейтуге жұмсайды. Жалпы, 850 млн теңгедей қаржы бюджеттен бөлінсе, тағы 700 млн теңгеге жуығы туристерден түскен қаражат есебінен қалыптасады, — деді «Көлсай көлдері» МҰТП директорының туризм және ғылым жөніндегі орынбасары Хамит Ахметов.

Ұлттық паркке кіру үшін экологиялық төлем алынады. Оның құны 845–926 теңге аралығында, ал жеке көлікпен кіретін турист шамамен 2750 теңге төлейді. Табиғаттың жауһарын тамашалауға өткен жылы 600 мыңнан астам адам келген. Биылдың өзінде, мамыр айына дейін, ұлттық парк 120 мыңнан астам туристі қабылдап үлгерген.

Фото: видеодан алынған скрин

Демалушылардың арасында шетелдік қонақтар да аз емес.

— Бұл — Қазақстанға алғаш сапарымыз. Көрікті жерлерді көру үшін Коста-Рикодан келдік. Бұған дейін Шарын шатқалында болып, ерекше әсер алдық. Ал Көлсайдың сұлулығы одан кем емес, — деді ерлі-зайыпты.

Көлсайдың көркіне тәнті болғандардың қатарында Англиядан келген туристер де бар.

— Қазақстанда ең ұнаған тағам — бауырсақ. Өте дәмді екен. Жылқы етінен дайындалған ұлттық тағамдарды да сүйсіне жедік. Ал табиғатының әсемдігін сөзбен айтып жеткізу қиын, — деді англиялық туристер.

Көлсайға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Инфрақұрылым да кезең-кезеңімен жаңарып жатыр. Дегенмен, туристер жиі көтеретін мәселелердің бірі — Саты ауылынан кейін ұялы байланыс пен интернеттің әлсіреуі. Жауаптылардың айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табады.

Қайыңды көліне келушілер саны артып жатыр

Көлсайдан кейін туристердің жолы Қайыңды көліне түседі. Қазақстандағы ең жас көлдердің бірі саналатын бұл табиғат ғажайыбының пайда болғанына небәрі бір ғасырдан сәл ғана асты.

Фото: видеодан алынған скрин

Ол 1911 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін болған селдің салдарынан пайда болған. Табиғи бөгет өзен арнасын жауып, уақыт өте келе бүгінгі көл қалыптасты. Алматыдан шығысқа қарай шамамен 280 шақырым жерде орналасқан көлді қарағайлы әрі қалың жасыл орман қоршап жатыр.

Дегенмен, Қайыңдыға жету оңай емес. Көлге апаратын жол ойлы-қырлы болғандықтан, мұнда негізінен жол талғамайтын көліктер ғана қатынайды. Сол себепті Саты ауылынан туристер үшін арнайы трансфер ұйымдастырылған.

Фото: видеодан алынған скрин

Бару-қайту құны шамамен 2500–4000 теңге аралығында. Көлік тоқтайтын жерден кейін көлге дейін тағы бір шақырымдай жаяу жүру қажет. Ал жаяу барғысы келмейтіндер үшін атпен жетуге мүмкіндік қарастырылған.

— Мұнда жыл басынан бері 95 мыңнан астам турист келді. Былтыр Қайыңды көліне 196 мың адам табан тіреді. Соңғы екі-үш жылда министрлік пен жергілікті әкімдік туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұрын бұл аумақта жаяу жүрудің өзі қиын болатын. Қазір жолдар реттеліп, туристер үшін жағдай әлдеқайда жақсарды, — дейді «Көлсай көлдері» МҰТП «Қарабұлақ» орман шаруашылығының орманшысы.

Болашақтың туризмі: әуе таксиі мен Smart City

Алматы облысындағы саяхат тек көл мен тауды тамашалаумен шектелмейді. Белсенді демалысты ұнататындар үшін таңдау көп. Мұнда квадроциклмен кең даланы аралап, гидроциклмен су бетінде жүйткуге болады.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал жақын болашақта өңірдің туристік мүмкіндігі жаңа деңгейге көтерілмек. Алдағы екі жылда Алматы облысында әуе таксиі іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл — Орталық Азиядағы алғашқы осындай жоба. Әуе көлігіне бес адамға дейін сыяды, ең басты ерекшелігі — пилотсыз басқарылуы. Оның көмегімен жолаушыларды мегаполиске небәрі 15 минутта жеткізу көзделген.

Фото: видеодан алынған скрин

Заманауи технологиялар көлік саласымен шектелмейді. Алматы облысында бой көтеріп жатқан Alatau City — Орталық Азиядағы инфрақұрылымы мен экономикасы толықтай цифрлық технологиялар мен Smart City қағидаттарына негізделген алғашқы болашақ қаласы. Жоба жаңа инвестициялар тартатын және инновациялық шешімдер сыналатын өңірлік орталық ретінде дамып келеді.

Шарын Гранд каньоннан да ерте қалыптасқан

Келесі бағыт — Шарын шатқалы. Қазақстанның Гранд каньоны аталып кеткен табиғат ғажайыбы жыл сайын мыңдаған туристі өзіне тартады.

Фото: видеодан алынған скрин

Шарын шатқалы — жасы 12 миллион жылдан асатын шөгінді жыныстардан түзілген бірегей табиғи ескерткіш. Тереңдігі 200 метрге дейін жететін шатқалдың алып жартастары кей тұста 300 метрге дейін асқақтайды. Әсіресе күн батар сәтте шатқалдың көрінісі ерекше әсер қалдырады.

Туристерге қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Мұнда визит-орталық, ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамхана, дәретханалар мен ақпараттық тақталар жұмыс істейді.

— Жыл басынан бері 70 мыңға жуық турист келді. Келушілердің басым бөлігі — шетелдіктер. Былтыр Шарын шатқалына 53 мемлекеттен қонақ келді. Әсіресе Германия, АҚШ, Англия, сондай-ақ Қытай, Вьетнам және Кореядан келетін туристер көп. Олардың көбі бұл жерді АҚШ-тағы Гранд каньонмен салыстырып, табиғатының әсемдігі кем түспейтінін, тек көлемі жағынан шағындау екенін айтады, — деді «Шарын» МҰТП экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамов.

Маманның айтуынша, геологиялық тұрғыдан Шарын шатқалы Гранд каньоннан да ертерек қалыптасқан. Алдағы уақытта мұнда туристер ағынын тиімді реттеп, табиғатқа түсетін салмақты азайту үшін сақиналы маршрут іске қосылады.

Фото: видеодан алынған скрин

Дегенмен, ерекше қорғалатын аумақта өзекті мәселе де жоқ емес. Кейбір демалушылар табиғатты аяламай, қоқысын тастап кетеді немесе жартастарға жазу жазып, вандализмге жол береді. Онымен күресу үшін түрлі тәсіл қолданылып жатыр.

«Шарын» МҰТП директоры Гүлмира Нысанбаеваның айтуынша, шатқал бойында арнайы қоқыс жәшіктері қойылмаған. Бұл — «Жасыл даму» компаниясымен бірлесіп қолға алынған «өзіңмен бірге алып кет» қағидатына негізделген жоба. Мамандардың сөзінше, соңғы екі жылда ол туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң әсер етіп жатыр.

Тағы бір ерекше тұс — шатқал ішінде табиғат мүсіндеген алып жартастарды тамашалап, арнайы экотаксимен жүруге болады. Бір бағыттағы жолақы — 500 теңге.

Фото: видеодан алынған скрин

Сонымен қатар аумаққа кіру үшін 730 теңгеден 1500 теңгеге дейін экологиялық төлем алынады.

— Алматыға 32 жылдан кейін қайта келіп тұрмын. Осынша уақыттан соң елге оралып, осындай табиғи орындарды аралап жүргенімізге өте қуаныштымыз, — дейді Ресейден келген туристер.

Қытайдан келген меймандар да Шарын шатқалының қайталанбас табиғатына тәнті болып, әсерлерімен бөлісті.

Жыл он екі ай турист қабылдайтын мекен

Жоба аясындағы келесі бағыт — қысқы туризмімен танымал Ойқарағай демалыс орны болды. Алайда жол бойында «Қоқыс тастауға болмайды» деген ескертулерге қарамастан, табиғат аясына қалдық тастап кететіндердің әлі де бар екені байқалды.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал демалыс орнының өзінде туристер үшін барлық жағдай жасалған екен. Қаладан небәрі 40 минутта жетуге болатын курортқа баратын жол сапалы. Аумағында қоқыс жәшіктері жеткілікті, киіз үйлер, демалыс орындары қарастырылған.

Фото: видеодан алынған скрин

Алыстан менмұндалаған Ақтас шыңына туристер аспалы жол арқылы оңай көтеріледі. Ал биікте шетелдік қонақтардың қарасы қалың.

— Біз Көктөбеде, Шымбұлақта, Қайыңдыда болдық. Кейін Ойқарағайға келдік. Үндістанда да мұндай табиғат кездеседі, бірақ адам өте көп. Ал мұнда табиғат керемет, адамдары да өте қонақжай екен, — дейді туған күнін Ойқарағайда атап өткен үндістандық турист.

Ойқарағай жыл он екі ай туристерді қабылдайды. Қыста мұнда шаңғы мен тюбинг тебуге келетіндер көп болса, жазда парапланмен қалықтап, тауда серуендеп немесе зиплайнмен сырғанауды қалайтындардың қарасы көбейеді. Бұдан бөлек, курорт аумағында мейрамханалар мен SPA аймақтары да жұмыс істейді.

Жағажайлардың жайы: жайлы демалыс пен шешімін күткен мәселе

Келесі аялдама — Қонаев қаласының жағажайлары. Соңғы жылдары мұнда туристерге қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп келеді. Соның бірі — келушілер ең көп таңдайтын № 5 жағажай. Былтыр бұл жерде 250 мыңға жуық адам демалған.

Фото: видеодан алынған скрин

Туристік маусымға дайындық биыл ерте басталған. Жаяу келушілер үшін кіру тегін, ал автотұрақ қызметі — 1000 теңге. Жағажайда тамақтану орындары, дүкендер, балалар ойын алаңдары жұмыс істейді. Жақын уақытта мұнда 9D кинотеатры да ашылады.

— Биыл дайындықты бір ай бұрын бастадық. Тамақтану орындары жеткілікті. Дүкендер, балалар алаңы бар, — дейді «Қонаев тұрғын үй» ЖШС директоры Сәбит Аманжолов.

Жағажайда қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Аумақта 21 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жалпы, Қонаев қаласында 6 коммуналдық және 140-тан астам жекеменшік демалыс орны жұмыс істейді.

Фото: видеодан алынған скрин

Алайда барлық жағажайдың жағдайы бірдей емес. Бағдарлама жүргізушілері барған № 1 жағажайда инфрақұрылым толық қалыптаспаған. Мұнда туристік маусымға қажетті жағдай жасалмаған, тіпті дәретхана да жоқ.

— Бұл жағажай шомылу маусымына арналмаған. Аумақ шағын көлемді кемелерге арналған айыппұл тұрағы ретінде қарастырылып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілді. Ал маңайдағы демалыс орындары бұған дейін жеке инвесторлар тарапынан ашылған, — деді Қонаев қаласы ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дархан Батырша.

Туризмді дамыту — күн тәртібіндегі басты міндет

Сапар соңында бағдарлама жүргізушілері Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесіп, өңірдегі туризмнің бүгінгі жай-күйі мен алдағы жоспарларды талқылады.

Өңір басшысының айтуынша, Қонаев қаласындағы жағажайларды кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасады. Қазірдің өзінде № 5 жағажайдың жаңаруы инвесторлардың қызығушылығын арттырған. Осы тәжірибе негізінде № 6 жағажай да жеке инвестиция есебінен абаттандырылып жатыр.

— № 5 жағажай инвесторларға тартымды жобаға айналды. Соның нәтижесінде оны дамытуға қаржы салынды. Қазір № 6 жағажай да инвестордың қатысуымен ретке келтіріліп жатыр. Алдағы уақытта басқа жағажайларды да кезең-кезеңімен жаңғыртамыз. Қонаев қаласы тәулігіне 30 мыңға дейін турист қабылдауға қауқарлы, — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Фото: видеодан алынған скрин

Кездесу барысында Қайыңды көліне апаратын жол мәселесі де сөз болды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жолдың алдағы уақытта жөнделетінін жеткізді.

— УАЗ көлігімен Қайыңдыға жетуді ерекше әсер деп қабылдайтын туристер де бар. Дегенмен, жолды жөндеу жоспарда, — деді облыс әкімі.

Сарапшылардың бағасы

Бағдарлама дәстүріне сай сапар соңында сарапшылар Алматы облысының туристік әлеуетіне өз бағасын беріп, өңірдің артықшылықтары мен әлі де назар аударуды қажет ететін тұстарын саралады.

Фото: видеодан алынған скрин

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Әбділдә Мейірбековтің айтуынша, Алматы облысында туризмді дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Оның сөзінше, мұны өңірге келетін шетелдік туристердің оң бағасынан-ақ байқауға болады.

— Бұған шетелдік туристердің әділ бағасы дәлел. Алдағы уақытта бұл қарқын одан әрі күшейіп, Алматы облысы еліміздегі ең ірі туристік орталықтардың біріне айналады деген сенім мол, — деді сарапшы.

Фото: видеодан алынған скрин

Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ішкі талдау басқармасының басшысы Нариман Әлдібеков те өңірдің туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

— Кемшіліктер бар. Бірақ олардың барлығы уақыт өте кезең-кезеңімен шешіледі, — деді Нариман Әлдібеков.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Едіге Әділханов табиғатты сақтауда туристік мәдениетті қалыптастырудың маңызына тоқталды.

— Алматы облысы — табиғаттың сыйы. Ендігі міндет — осы байлықтың қадірін білу. Экоакциялар санын көбейтіп, вандализмнің алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет, — деді ол.

Осылайша, Алматы облысы жалпы есепте 24 ұпай жинады.Еске салайық, бұған дейін бағдарлама жүргізушілері Жамбыл өңіріне сапарлады.