Атап айтқанда егін жұмыстарына озық технологиялар енгізіліп, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері мен автоматтандырылған басқару құрылғылары кеңінен қолданыла бастады. Бұл су көздерін тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев егін алқаптарына арнайы барып, шаруашылықтардың жай-күйімен танысты.
Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның бірі — «Harvest Agro». Ұйғыр ауданының Қалжат ауылында қолға алынған жоба агроөнеркәсіпке цифрлық технологияларды енгізуге негізделген. Оның ішінде автоматтандырылған суару жүйесі, топырақты цифрлық талдау қондырғысы, ылғалдылықты есептейтін датчиктер, егіс алқаптарының жағдайын бақылау және жасанды интеллект арқылы басқару элементтері бар. Жобаның негізгі мақсаты — су ресурстарын ұтымды пайдалана отырып, тиімді әрі тұрақты заманауи ауыл шаруашылығы моделін қалыптастыру.
Жобаны толықтай іске асыру 2026-2029 жылдарға жоспарланған. Жалпы құны — 18,2 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғанда 60 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы жер көлемі — 4 500 гектар. Онда жылына 20 000 тонна жүгері және 4500 тонна мақсары өсіру көзделген. Дайын өнім Орта Азия елдеріне, сондай-ақ Қытай мен Иран нарығына экспортталмақ.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — жер асты суын пайдалану арқылы заманауи суару жүйесін дамыту. Осы мақсатта ұңғымаларды бұрғылау және ирригациялық инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 120 ұңғыма бұрғылау және 120 «Center Pivot» жаңбырлатып суару қондырғысын орнату көзделген. Ұңғымалардың тереңдігі 300 метрге дейін жетеді, ал әрбір қондырғыға қажетті су беру көлемі сағатына 125-150 текше метр.
Алғашқы кезеңінде 1 200 гектар жер игеріліп, мақсары өсіріледі. Қазіргі уақытта 30 ұңғыма бұрғыланып, 30 жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуға дайындық жүргізілуде.
Ұйғыр ауданындағы агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған тағы бір ірі кәсіпорын — «Assem Kaljat» ЖШС. Компания ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірнеше стратегиялық жобаны іске асыруда. Кәсіпорын 2500 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдырып, жүгерінің 12 сортын еккен.
Тереңдігі 180-200 метр болатын 59 ұңғыма қазылып, 59 трансформатор орнатылған. Сонымен қатар 40 шақырымнан астам электр желісі мен әртүрлі диаметрдегі 300 шақырымнан астам магистральды тамшылатып суару құбырлары тартылған. Шаруашылықта Claas және Case маркалы тракторлар мен комбайндар, сепкіштер, дрон-шашыратқыштар, аспалы және тіркемелі агрегаттар, сондай-ақ тиегіштер, бульдозерлер мен экскаваторлар пайдаланылады. Өнім ішкі нарықпен қоса Өзбекстан, Иран және Қытай елдеріне де шығарылады. Негізгі тұтынушылары крахмал өндіруші кәсіпорындар, құрама жем зауыттары, құс фабрикалары мен фармацевтикалық компаниялар болмақ.
Алдағы уақытта жүгеріні бастапқы өңдеп, оны сақтауға арналған, поливинилхлоридтен құбыр өндіруге бағытталған және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын үш түрлі зауыт салу жоспарланған. Ол үшін жалпы көлемі 23 млн доллар инвестиция салынады.
Марат Сұлтанғазиев аталған екі кәсіпорынға арнайы барып, игі жобалардың басталуымен құттықтады. Сондай-ақ заманауи агро-индустрия кешенін салу аймақтың экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды қадам екенін айтты.
— Екі компания да дақылды өсіріп қана қоймай, оны әрі қарай өңдеуге бағытталған. «Assem Kaljat» биыл бірінші зауытын салуды бастайды. Ал «Harvest Agro» өнім көлеміне байланысты өндірісті кеңейтуге дайын. Гибридті тұқым өндіруден бастап, дайын өнімді сақтау мен өңдеуге дейінгі толық цикл қамтылмақ. Бұл ретте бос жатқан жерлерді айналымға қосып, оны құнарлы егіс алқабына айналдыру ісіне басымдық беріледі. Қазіргі таңда Жамбыл, Іле және осы Ұйғыр ауданында жайылымдық жерлерді суармалы алқапқа айналдыру жұмысы қызу жүргізілуде.
Ұйғыр ауданы үшін жүгері дақылының стратегиялық маңызы жоғары. Суармалы жағдайда жүгерінің өнімділігі гектарына орта есеппен 7-8 тоннаға дейін жетсе, ал озық шаруашылықтарда 14-16 тоннаға дейін өнім алу мүмкіндігі бар. Өндірілген жүгері дәні мал азығы, құрама жем өндірісі және тамақ өнеркәсібі үшін ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие болады, — деді аймақ басшысы.
Аталған жобалар өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, саланың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік ашады. Жер және су ресурстарын тиімді пайдалануға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және заманауи ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіруге ықпал етеді.