Алматы облысында 100 келі есірткі тәркіленді
05:38, 16 Мамыр 2025
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері Бас прокуратураның бірінші қызметімен бірлесіп, өнеркәсіптік ауқымдағы есірткі зертханасын анықтады.
Есірткі өндірісі Талғарда орналасқан фермалардың бірінде ұйымдастырылған. Тінту кезінде 8 тоннадан астам прекурсор мен 100 келі дайын өнім, мефедрон тәркіленді.
- Жалпы сомасы 3 млрд теңге болатын синтетиканың екі жүз мыңнан астам бір реттік дозасы заңсыз айналымға жіберілмеді. Есірткі құралдарын дайындағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза барын ескертеміз, - деп хабарлады облыстық полициядан.
Еске салайық, полиция төрт айда 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесіп, 3,5 тонна есірткі тәркілегенін жазғанбыз.