Алматы облысында «109» байланыс орталығына 12 мың өтініш түскен
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында коммуналдық қызметтерге қатысты өтінімдер мен шағымдарды «109» бірыңғай байланыс орталығы қабылдайды. Жыл басында ғана жұмысын бастаған орталыққа облыс тұрғындарынан 12 мыңнан астам өтініш түскен.
«109» бірыңғай байланыс орталығының мәліметіне сәйкес, тұрғындар орталыққа ашық құдықтар, жылу жүйесіндегі ақаулар, электр жарығының үзілуі, қаңғыбас иттер, аула абаттандыру сынды мәселелер бойынша жиі жүгінеді. Сонымен қатар балаларды балабақшаға тіркеу, жол жөндеу және көшелерді жарықтандыру секілді сұрақтар да қарастырылады.
— Орталық биыл 11 ақпан күні жұмысын бастады. Алғашқыда өтініштер тек Қонаев қаласы мен Талғар ауданы бойынша қабылданды. 1 қарашадан бастап, облыстың барлық аудандарын қамтыдық, — деді «Ақпараттық технологиялар орталығы» директорының орынбасары Жәнібек Серікұлы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, орталыққа осы уақытқа дейін 12 259 өтініш түскен, оның ішінде 12 090 өтініш уақтылы орындалған. Қалған 169 өтініш құзырлы мекемелердің қарауында. Қазіргі таңда байланыс орталығына күніне 50-70 өтініш келіп түседі. Тұрғындардың мәселелері 3 күн ішінде немесе оның күрделілігіне қарай 15 күнге дейін шешіледі. «109» байланыс орталығы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
Өтініштер бірнеше байланыс құралдары арқылы қабылданады:
• Instagram: @109konaevkz
• WhatsApp: 8 771 7 109 109
• Telegram чат-бот: https://t.me/konaevhelp
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жыл басынан бері Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 800-ден астам өтініш келіп түскенін жазғанбыз.