Алматы облысында 18,1 млрд теңгеге жылыжай кешені салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Алматы облысында құны 18,1 млрд теңге болатын заманауи, толық өндірістік циклді жылыжай кешенін салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Кешеннің жылдық өндірістік және қоймалық қуаты 12 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімін құрайды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Жобаны «Alatau Green Production» серіктестігі қолға алған. Кешеннің жалпы аумағы 16 гектарды құрайды. Оның 8 гектарына көкөніс дақылдарының жоғары өнімді будандарын өсіру жоспарланып отыр.

Жоба отандық жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға, оларды сақтау инфрақұрылымын дамытуға және ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен қамту деңгейін арттыруға бағытталған.

Жоба аясында маусымдық көкөніс өнімдерінің сапасын сақтай отырып, ұзақ уақыт бойы сақтауға арналған қойма және инженерлік инфрақұрылым да құрылады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Инвестордың есептеуінше, кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасының дамуына қосымша серпін беріп, Алматы облысының жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 8–10 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.

Өндіріс көлемінің ұлғаюы, өнімді сақтау инфрақұрылымының дамуы және делдалдар санын азайту есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын 10%-ға төмендету көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта Алматы облысында жалпы аумағы 87,2 гектарды құрайтын 49 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Оның ішінде 19-ы өнеркәсіптік және 19-ы шаруа қожалықтарына тиесілі жылыжайлар.

Жылыжайларда өндірілетін өнім көлемі 15,9 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 9,3 мың тоннасы – қызанақ, 5,8 мың тоннасы – қияр, 0,8 мың тоннасы – көк шөп.

Өндірілген өнімнің негізгі бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында сатылады. Сонымен қатар өңір кәсіпорындары өнімдерін шетелдік нарықтарға да шығарады. Жылыжай өнімдерінің экспорт көлемі 1 434,3 тоннаны құрады.

Осыған дейін Түркістан облысында жылыжайларды экологиялық тиімді жылыту жолдары енгізіліп жатқаны туралы жаздық.