Алматы облысында 213 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Биыл «AMANAT» партиясының бастамасымен өңірде игерілмей жатқан жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының көшпелі отырысында айтылды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Партия Алматы облыстық филиалының мәліметінге, өңірге іс сапарымен келген партияның атқарушы хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Масақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Кездесуде Дәулет Кәрібек облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілгенін атап өтті.

«Алатаудай биік тұлғалы алматылық ағайын үшін Асы жайлауының қадірі мен қасиеті бөлек. Бұны біз жыл басында өңірге келгенде ерекше аңғардық. Екі жарым мың метр биіктікте ен жайлаған қастерлі мекеннің жекеге өтіп кеткені жергілікті жұрттың қабырғасына қатты батқан. Мәселен, Масақ ауылдық округі тұрғындарының «Бұғыты» аумағындағы көлемі 2,4 мың гектар жер учаскесі жекенің қолында екенін айтып шағымданған болатын. Біздер, бұл мәселені бақылауда ұстап, жыл соңына дейін қайта келеміз деп уәде берген едік», – деді ол.

Айтуынша, араға 5 ай салып, халықтың мал жаю мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайлаудың біршама бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған. 

«Осы орайда облыс бойынша барлығы 213,5 мың га жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілгенін ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл жұмыстардың барлығы «Жер Аманаты» комиссиясының жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бұл, игілікті істің басы ғана. Кезінде жерге қисынсыз иелік етіп, жайылым жердің тапшылығын қолдан жасаушылармен күрес әлі де жалғаса бермек», – дейді комиссия төрағасы.

Алдын ала жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының өзінде нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмайтын 121,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, биыл осы жер көлемінің 43,4 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған.

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жайылым мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұрғанын айтты.

«10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Біз заңға «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ешкімге беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізілетін болады. Сонымен қатар, нақты бір елді мекенде соңғы 5 жыл тұрған азамат енді жер алу кезінде қосымша ұпайға ие болады. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі», – дейді депутат.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 260 мың гектар жер телімін мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұр.

Қазір бұл жоспар 82 пайызға орындалды.

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі