Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 11 мамырда Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны ауруханада көз жұмған. Оған белгісіз адамдар пышақ сұққан.
- Оқиға туралы хабарлама түскен бойда полицияның барлық сыртқы жасағына бағыт-бағдар беріліп, блокпостар қойылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, қылмыс жасады деген күдікпен марқұмның үш ауылдасы ұсталды, - деп хабарлады департаменттен.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
- Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, - деп нақтылады өңір полициясы.
Еске салайық, 2024 жылы Талғарда ұқсас жағдайда 16 жастағы Шерзат Полат мерт болды. Жасөпірімнің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.
2025 жылдың 5 маусымында сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 1,5 жылдан 23 жылға дейін сотталды.