Іле аудандық прокуратурасына 2000 жылы туған Солтүстік Қазақстан облысының тумасы өз құқықтарын қорғау мәселесі бойынша жүгінген.
Прокуратураның мәліметінше, азамат өмірлік жағдайларға байланысты туған кезінен бастап заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген. Соның салдарынан ол 26 жыл бойы туу туралы куәлік пен жеке басын куәландыратын құжат ала алмаған.
«Құжаттардың болмауы оның мемлекеттік қызметтерді алуына, медициналық көмекке жүгінуіне, ресми түрде жұмысқа орналасуына және мемлекет кепілдік берген өзге де әлеуметтік құқықтарын толық көлемде пайдалануына мүмкіндік бермеген», – деп хабарлады прокуратура.
Азамат түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған.
Тексеру барысында прокуратура қажетті құжаттарды жинап, куәгерлерден түсініктеме алып, азаматтың туу фактісін растайтын өзге де дәлелдерді анықтаған.
Осыдан кейін Іле аудандық прокуратурасы сотқа азаматтың туу фактісін, жеке деректерін анықтау және мемлекеттік тіркеуден өткізу туралы талап қоюмен жүгінген.
Сот прокурордың талаптарын толық көлемде қанағаттандырды.
«Қабылданған сот шешімі азаматқа жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуге, заңды құқықтарын толық көлемде жүзеге асыруға және қоғамдық өмірге толыққанды қатысуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бқған дейін полицейлер 33 жыл құжатсыз жүрген тұрғынға көмектескені хабарланды.