Жамбыл аудандық сотының мәліметінше, 2024-2025 жылдары сотталушы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің маманы бола тұра, өз құзыретін асыра пайдаланған. Ол азаматтарға жер телімдерін арзан бағаға алып беретінін және үй құжаттарын заңдастырып беретінін айтып, жалған уәде берген. Осылайша, ол тұрғындардың сеніміне кіріп, 33 адамның ақшасын алдау арқылы алған.
Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындауымен, жәбірленушілердің айғақтарымен, ақша аударымдарының түбіртектерімен, қолхаттармен және бейнежазбалармен толық дәлелденген.
— Сот үкімімен А. кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан қағылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді, — деп хабарлады аудандық соттан.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының үш тұрғыны қызды алып қашқаны үшін сотталды.