Алматы облысында 43 бас мал ұрлаған барымташылар ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысында мал ұрлығына қатысты қылмыс ашылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15–16 сәуір аралығында Ұйғыр ауданы Тасқарасу ауылы аумағында орналасқан «Жер көпір» жайылымында белгісіз адамдар қорадан 43 бас ірі қара малды ұрлап әкеткен. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, жедел-іздестіру шараларын бастаған.
— Жедел іс-шаралар барысында Жетісу облысы Жаркент қаласы аумағында Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері Ұйғыр ауданындағы әріптестерімен бірлесіп күдіктілерді ұстады, — деді Алматы облысының полиция бастығы Мейрам Әбікеев.
Қазіргі уақытта 6 адам ұсталды. Олар 43 бас ірі қара малды ұрлап, оны өткізіп жібергенін мойындаған. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың мал ұрлығының басқа да фактілеріне қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында кісі бопсалап, көлігін тартып алғандар ұсталды.