Алматы облысында 446 жер учаскесі пайдаланылмай жатыр

Фото: Фото: АШМ

ҚОНАЕВ.KAZINFORM – Алматы облысында 16 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Облыстық жер қатынастары басқармасынан мәлім еткендей, жыл басынан бері жалпы алаңы 50 083 гектар болатын, 446 жер учаскесінің пайдаланылмай жатқаны анықталды.

– Қазір 8 214 гектар болатын 71 жер учаскесі бойынша материалдар Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар 23 747 гектар аумақтағы 37 жер учаскесі бойынша талап-арыздар сот қарауында, ал жалпы көлемі 2 486,0 гектар болатын учаске бойынша сот шешімі шығып, мемлекет меншігіне қайтарылды, - деп хабарлады басқармадан.

Жыл басынан бері ерікті түрде мемлекет меншігіне 14 481,32 гектар жер қайтарылды. Ең көп қайтарылған аумақтар Жамбыл (3 119,0 га), Балқаш (7 961,87 га) және Кеген (1 893,0 га) аудандарына тиесілі. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі – 16 967 гектар.

– Сонымен қатар жалға алу шарттарының орындалуына бақылау күшейтілді. Жалпы көлемі 30 827,87 гектар жерді пайдаланып отырған 216 адамға шарт талаптарын бұзғаны үшін ескерту жіберілді. Талаптар орындалмаған жағдайда материалдар сот органдарына жолданады, - деп атап өтті ведомстводан.

Бұған дейін Алматы облысы 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаратыны туралы жазған едік.