Алматы облысында 46 жастағы әйел өмірінде алғаш рет жеке куәлік алмақ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының Алатау қаласында прокуратураның араласуымен 46 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз және жеке сәйкестендіру нөмірінсіз (ЖСН) өмір сүрген әйелдің туу фактісі сот арқылы анықталды.

Фото: kaz.inform.kz

Белгілі болғандай, 1980 жылы әйелдің анасы оның дүниеге келгенін азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында тіркемеген.

Ал сол кезеңдегі медициналық мұрағат құжаттары сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған. Сондықтан әйелдің тууына қатысты құжаттарды соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру мүмкін болмаған.

ЖСН-і болмағандықтан, әйел сотқа өз бетінше жүгіне алмаған. Бұған дейін әпкесінің берген өтініші де қанағаттандырылмаған.

– Азаматшаның құқықтарын қорғау мақсатында Алатау қаласының прокуратурасы сотқа оның туу фактісін анықтау туралы талап қоюмен жүгінді. Сот талапты қанағаттандырды, – деп хабарлады прокуратура.

Енді әйел жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдей алады. Бұл оған медициналық көмек алуға, ресми түрде жұмысқа орналасуға және мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 30 жыл бойы туу туралы куәліксіз өмір сүрген азаматтың дүниеге келгені сот арқылы расталған еді. Оның ата-анасы 1994 жылы туу туралы құжаттарын рәсімдемеген.