Алматы облысында 70-тен астам мектепте мыңнан астам бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеген

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы облысының прокуратурасы білім беру саласында балалардың құқықтарының бұзылуын анықтады.

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуге тиіс.

Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде облыстың 70-тен астам мектебінде (Еңбекшіқазақ ауданы – 45, Талғар – 7, Жамбыл – 5, Ұйғыр – 14, Қарасай – 4, Қонаев қаласы – 9) аталған талаптардың сақталмағаны анықталды.

Нәтижесінде 1 101 бала мемлекеттік қолдаудың бұл түрімен қамтылмаған.

- Прокурорлық қадағалау актілері бойынша балалардың құқықтары қалпына келтіріліп, барлық оқушылар тиісті тамақпен қамтамасыз етілді, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Жалпы биыл облыс прокуратурасы 30 мыңға жуық баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Атырау облысында прокуратура араласқаннан кейін педагогтерге 7,2 млн теңге төленгені туралы жаздық.