Алматы облысында 8 мектеп Starlink спутниктік интернетіне тегін қосылды
Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 53 мектеп салынады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Білім беру саласындағы негізгі басымдық – үшауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою. 2023 жылдың басында облыста 52 үшауысымды мектеп болды. Биыл 14,4 мың орынға арналған 10 мектеп тапсырылды. 5-еуі жылдың соңына дейін беріледі. Келер жылы үшауысымды мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Осының нәтижесінде үшауысымды мектеп мәселесі шешіледі», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның атап өтуінше, «Білім-инновация» және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп, «Табысты 50 мектеп» атты бірегей жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 756 млн теңге бөлінген. 50 мектептің 3,8 мың ұстазы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, 58 мыңнан астам оқушы кешенді оқуымен қамтылды. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектепке 1,5 млрд теңгеге физика, химия және биология пәндерінің 150 зертхана кабинеттері жабдықталып жатыр.
«Қазіргі уақытта облыс мектептері интернет желісімен толық қамтамасыз етілген. Алайда шалғай аудандарда интернет жылдамдығының мәселесі бар. «Digital Bridge-2023» пилоттық жобасы аясында Starlink спутниктік интернетіне шалғай аудандардың 8 мектебі тегін қосылды. Нәтижесінде интернет жылдамдығы 8 МБит/секудтан 200-ге дейін артты. «Қолжетімді интернет» бағдарламасының аясында осы технологиямен тағы да 65 мектептегі интернеттің жылдамдығы арттырылады», - деді облыс әкімі.