Алматы облысында 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеуге қойған 17 адам сотталды

АСТАНА.KAZINFORM - Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін сотталды.

Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Сот олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден асты.

Тергеу барысында ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті қылмыстық топтың екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқанын анықтады.

Алғашқы кезеңде схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген.

Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге қатысты «қосар көліктерді тірілту» деп аталатын схема бойынша жалғасқан. Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркелген. Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен.

Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңге, утиль алымы 1,2 млрд теңге болды. Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.

ҚМА мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Павлодарда мас күйде көлік жүргізген 18 адам ұсталды.